«Жақында балабақшаға барамыз!»
(баланың балабақшаға бейімделуі бойынша ата-аналарға кеңестер)
Құрметті ата-аналар!
Жақын арада отбасыңызда маңызды кезең басталады — сіздің балаңыз балабақшаға барады. Біреулер бұл сәтті қуанышпен күтсе, енді біреулер алаңдаушылық сезінеді. Бұл қалыпты жағдай, себебі балабақшаға алғаш бару көбіне бала үшін уайыммен, жылаумен және күйзеліспен қатар жүруі мүмкін. Ешбір мейірімді, қамқор тәрбиеші ата-ананың орнын баса алмайды. Дегенмен, сіздер бейімделу кезеңін жеңілдетуге көмектесе аласыздар. Ол үшін төмендегі кеңестерге назар аударыңыздар:
Өз шешіміңізге сенімді болыңыз. Ата-ананың күмәнін бала бірден сезеді, бұл оның бейімделуін қиындатады.
Балаңызға балабақша туралы алдын ала айтып беріңіз: онда балалар не істейді, не үшін барады, күн тәртібі қандай.
Балабақшаның жанынан өткенде оны жақсы жағынан айтып, баланың қызығушылығын арттырыңыз.
Балабақшамен алдын ала таныстырыңыз: ауласында серуендеп, тәрбиешімен танысып, балалардың ойындарын бақылауға мүмкіндік беріңіз. Мұндай кездесулерді бірнеше рет қайталаңыз.
Балаңызды қарым-қатынас жасауға үйретіңіз: танысу, есіммен атау, ойыншықпен бөлісу, сұрап алу.
Үйдегі күн тәртібін біртіндеп балабақша режиміне жақындатыңыз (ұйқы, тамақтану, серуен).
Баланың барлық қалауы бірден орындалады деген түсінік қалыптастырмаңыз. Егер балада белгілі бір әдеттер (емізік, тербету және т.б.) болса, бейімделу кезеңінде олардан бірден бас тартқызбаңыз.
Баланы балабақшаға мүмкіндігінше бір адам алып келіп, алып кеткені дұрыс — бұл ажырасу процесін жеңілдетеді. Балаға жаңа достар табуға көмектесіңіз: басқа балалармен және ата-аналармен танысып, олар туралы үйде әңгімелесіңіз.
Тәрбиешілермен және басқа ата-аналармен жақсы қарым-қатынас орнатыңыз — бұл балаға оң әсер етеді. Баланың көзінше балабақшаны немесе қызметкерлерді сынамаңыз. Мәселелерді сабырмен, дұрыс түрде шешіңіз. Ешқашан балабақшамен қорқытпаңыз.
Балаға эмоционалдық қолдау көрсетіңіз: жиі құшақтап, жылы сөздер айтыңыз. Сіздің көңіл-күйіңіз балаға беріледі. Алғашқы күндері бала балабақшада тамақ ішпеуі мүмкін, сондықтан оны үйден тойдырып жіберіңіз.
Есіңізде болсын, бейімделу кезеңі бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Баланың балабақшада болу уақытын біртіндеп арттырған жөн. Ең бастысы — ата-ананың шыдамдылығы, қолдауы және сенімділігі. Балабақша педагогтары сіздің балаңызды асыға күтеді және әрқашан көмек көрсетуге дайын!