Балабақшадағы «Ханталапай» ұлттық ойынына арналған күн
Бүгін біздің балабақшада қазақтың ұлттық ойыны «Ханталапай» күніне арналған қызықты әрі мазмұнды іс-шаралар өтті. Мақсатымыз – балаларды ұлттық құндылықтармен таныстырып, қазақ халқының мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, ұлттық ойындарға құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Күн барысында тәрбиешілер, дене шынықтыру нұсқаушылар танымдық әңгімелер өткізіп, балаларға «Ханталапай» ойынының шығу тарихын, маңызын және ережелерін түсіндірді. Балалар қызығушылықпен тыңдап, белсенді сұрақтар қойып, өз ойларын бөлісті.
Одан кейін ұлттық қимыл-қозғалыс ойындары ұйымдастырылып, балалардың өздері «Ханталапай» ойынын ойнап көрді. Бұл ойын балалардың ептілігі мен жылдамдығын дамытып, топпен жұмыс істеу дағдысын жетілдірді.
Сондай-ақ балалар ағаш пен саздан жасалған асықтарды бояумен безендірді. Олар дайын бояуларды пайдаланып, әрқайсысы өз туындысын жасап шықты. Кейін «Асықты саламыз» атты шығармашылық сабақ өтіп, балалар асықты қағаз бетіне түрлі бояулармен бейнеледі.
Күн соңында балалар жұмыстарының шағын көрмесі ұйымдастырылып, ата-аналар мен тәрбиешілерге балалардың қолөнер туындылары көрсетілді.
Мұндай ұлттық бағыттағы күндер балалардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, оларды жастайынан өз мәдениетін сүюге, құрметтеуге баулиды.