06.03.2026
Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз мерекесі қарсаңында балабақшамыздың барлық топтарында мерекелік іс-шаралар өтті. Балалар аналар мен әжелеріне арнап жүрекжарды құттықтаулар, өлеңдер, әндер мен билер дайындап, өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын тарту етті. Әсіресе №2 «Балапан» тобында өткен мереке ерекше әсерлі әрі қызықты өтті. Мерекеге ата-аналар белсенді қатысып, әкелер қыздарымен бірге «Әкелер мен қыздар биін» орындады. Бұл көрініс көрермендердің зор қошеметіне ие болып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Балдырған» тобында мерекелік іс-шара ерекше форматта - «Мамочки TV – 2026» атты мерекелік телебағдарлама түрінде ұйымдастырылды. Бағдарлама «Пока все дома», «Большая стирка», «Смак», «Модный приговор», «Шоу Голос» және «Танцы без границ» атты түрлі телебағдарлама айдарлары арқылы көрсетілді. Мереке барысында бейнерепортаждар мен балалардан алынған шағын сұхбаттар ұсынылып, іс-шараны одан әрі қызықты әрі есте қаларлықтай етті. Балалар өз өнерлерін шабытпен көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін танытты. Аналар да мерекелік бағдарламаға белсенді қатысып, түрлі қызықты ойындар мен сайыстарға қатысты. Соның ішінде балалар өздерін кішкентай сәнгерлер ретінде көрсетіп, аналарына ерекше сән үлгілерін дайындады. Тіпті ең кішкентай бүлдіршіндердің өзі мерекеге белсене қатысып, ойын ойнап, ән айтып, ата-аналарына шынайы күлкілері мен қуаныштарын сыйлады. Сонымен қатар би нөмірлерінің жоғары деңгейде дайындалғанын ерекше атап өткен жөн. Балабақша хореографының кәсіби жұмысының арқасында билер көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде қойылып, балалар оларды сенімді әрі үлкен ықыласпен орындады. Балабақшаның музыка жетекшілері де мерекенің жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты — балалар әндерді әдемі әрі әсерлі орындап, мерекеге ерекше жылылық пен көңілді атмосфера сыйлады. Балалардың әсерлі өнер көрсетулері аналардың жүрегін тебірентіп, балаларына деген қуаныш пен мақтаныш сезімінен көздеріне жас алды. Мерекелік іс-шаралар жылы, достық әрі қуанышты атмосферада өтіп, барлық қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй, жарқын эмоциялар және көктемгі шаттық сыйлады