01.05.2026
1 мамыр күні Көкшетау қаласының жағалауында өткен мерекелік іс-шараға біздің балабақшаның тәрбиеленушілері үлкен табыспен қатысты.
Біздің бүлдіршіндер «Балапан» атты көңілді де әсерлі биін ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй, қуаныш пен шаттық сыйлады. Кішкентай өнерпаздар сахнада сенімді өнер көрсетіп, өздерінің шығармашылық қабілеттері мен сахнаға деген сүйіспеншілігін айқын көрсетті.
Бағдарламаның ерекше көркі – вокалдық топтың орындауындағы мерекелік әндер болды. Әндер мерекенің ажарын ашып, ерекше атмосфера сыйлады. Сонымен қатар, мектепалды топ балалары өздерінің ырғақты қимылдарымен сүйемелдеп, қойылымдарға жан бітірді. Көрермендер назарына «Заманауи» атты би де ұсынылып, ол заманауи стильдегі әсерлі әрі көркем нөмір ретінде жоғары бағаланды.
Барлық қойылымдардың дайындығын кәсіби әрі ұйымшыл педагогтар тобы жүргізді: музыкалық жетекшілер Рсаева Аиса Маликовна мен Калиева Асель Утегеновна, сондай-ақ хореограф Жанабаева Нургуль Сабыртаевна. Олардың еңбегі мен шығармашылық ізденісінің арқасында қойылымдар жарқын, әсерлі және есте қаларлықтай болды.
Балаларды қолдауға балабақша әкімшілігі — меңгеруші, әдіскер, топ тәрбиешілері және ата-аналар келіп, кішкентай өнерпаздарға зор қолдау көрсетіп, қошеметпен қарсы алды.
Іс-шараның маңыздылығын облыс әкімі мен қала әкімінің қатысуы айқындап, мұндай шаралардың балалардың дамуына және білім беру ұйымдары мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға зор ықпал ететінін көрсетті.
Осындай ауқымды мерекеге қатысу тәрбиеленушілеріміз үшін үлкен тәжірибе болып, олардың өзіне деген сенімділігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, көпшілік алдында еркін өнер көрсету дағдыларын қалыптастырды.