Міне, жадыраған жаз мезгілі де өтті. Тәрбиеленуші бөбектердің жазғы бос уақытын үнемді де, қызықты өткізу мақсатында көптеген қызықты іс-шаралар атқарылды. Балаларымызды жадыраған жаз мезгілінде таза ауада сауықтырып, шынықтырып бір сөзбен айтқанда жас күнінен салауатты өмір салтын ұстануға баулыдық. Жаздың ыстық күндерінде күнге қыздырынып, сумен ойнау, құмнан әртүрлі фигуралар жасау өте қызықты әсерлі болды. «Спорт- денсаулық кепілі» дегендей әр күніміз таңертеңгі жаттығулар жасаумен басталды, «Шынықсаң шымыр боларсың» атты спорттық ойын, тағы да басқа эстафеталық ойындардың да көздеген мақсаты бала денсаулығын нығайту, дені сау, білімді білікті ұрпақ тәрбиелеу. Таза ауада серуендеумен қатар табиғаттағы құстар мен жәндіктер, ағаштар мен гүлдерді, шөптерді бақылап, табиғатқа қамқорлық көрсетудің мақсаты да бүлдіршіндердің өз еліне, отанына деген сүйспеншілігін артырады. Балалардың шығармашылығын, тілін, ой өрісін дамыту мақсатында «Қоян мен қасқыр», «Шалқан» ертегілері оқылып, шағын сахналау ұйымдастырылды. Міне, осылай балабақшамызда жаз мезгілі әсерлі де, қызықты өтті. Балаларды тәрбиелей отырып өзіміз де көптеген тәжірибе жинақтадық, енді тек «Сау бол, жадыраған жаз, келесі кездескенше!» дегіміз келеді.